Сол Кэмпбелл «Челсидегі» қазақстандық Дастан Сәтбаев туралы айтты
Алматыға «Арсенал» клубының және Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Сол Кэмпбелл арнайы келді, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Сол Кэмпбелл «Челсидің» қазақстандық Дастан Сәтбаевты, ал «Манчестер Сити» клубы өзбекстандық Абдуқодир Хусановты сатып алуына байланысты пікір білдірді.
— Ағылшын Премьер-лигасы Орталық Азияға өңіріне жақындай түсті. Бұл өңірдің жанкүйерлеріне АПЛ ойындарын тамашалау бұрынғыдан да қызық болады. Егер жақында айтылған клубтарға ауысқан ойыншылар кәсібилік көрсетіп, жаттығып, ары қарай дамып, жақсы көзге түсетін болса, Еуропаға жаңа нарықтың есігі ашылады, — деді ол.
Сондай-ақ ол алматылық «Қайраттың» жаттығу орталығына жоғары баға берді.
— Бірнеше жыл бұрын «Қайрат» құрамында Аршавин ойнаған кезде мен Алматыда болғанмын. Сонда «Қайраттың» базасында болдым. Серіктестік туралы да сөйлескенбіз, алайда бұл орындалмады. Бірақ алматылық клубтың базасы соңғы жылдары мен көрген үздік жаттығу орындарының бірі, — деді Сол Кэмпбелл.