Саян Хамитжанов: Маусымдағы барлық мақсатты орындадық деп есептеймін
«Астана» футбол клубының басшысы Саян Хамитжанов «Тобылмен» өткен матчтың қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+.
— «Тобылды» лайықты жеңісімен құттықтаймын! Нұрбол Жұмасқалиев пен оның командасына еурокубок жолындағы күресте сәттілік тілеймін. «Астана» футболшыларының эмоционалдық тұрғыдан шаршағанын, сондай-ақ физикалық дайындықтың жеткіліксіз болғанын байқадым. Мұндай тығыз ойын кестесімен ойнау команда үшін өте қиын.
— Бір тур қалды, титул үшін күресте командаға сенесіз бе?
— Менің ойымша, біз маусымдағы міндеттерді орындадық. Еурокубокта плей-офф кезеңіне жету мақсаты қойылған еді, біз оны асыра орындап, топтық кезеңге шығып, «Челсимен» ойнаймыз. Бұл — қазақстандық жанкүйерлер үшін үлкен сый. Қазақстан чемпионатында біз барлық ойынды сырт алаңда өткізіп келеміз. Сондықтан негізгі мақсатымыз үштікке еніп, еурокубокқа жолдама алу болатын. Қазір біз екінші орындамыз және Лига кубогының финалына шықтық. Осылайша, маусымдағы міндеттер толықтай орындалды деп айтуға болады. Егер «Қайрат» чемпион атанса, бұл клубтың мерейтойлық жылында логикалық шешім болар еді, сондықтан оларға шын жүректен қуанып, келесі жылы Чемпиондар Лигасында сәттілік тілеймін. Жалпы алғанда, чемпионаттың соңғы матчы алда. Жігіттер өз футболын ойнап, жеңіске ұмтылады. Әрі қарай кімнің чемпион болатынын Жаратқанның өзі шешеді.