Садақ атудан Қазақстан құрамасы Азия кубогы кезеңінің үш финалына шықты
Бангкокта (Таиланд) садақ атудан Азия кубогының бірінші кезеңі басталып, Қазақстан құрамасы командалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Турнир аясында отандастарымыз бірден үш финалға жолдама алды. Әйелдер құрамасы блоктық садақ атудан жартылай финалда Малайзияны сенімді түрде жеңіп, енді алтын медаль үшін Үндістанмен бақ сынайды. Команда сапында Виктория Лян, Роксана Юнусова және Диана Юнусова өнер көрсетуде.
Классикалық садақ атудан ерлер құрамасы да жартылай финалда Қытайлық Тайбэйді ұтып, финалда Үндістанмен кездесуге мүмкіндік алды. Ел намысын Дастан Кәрімов, Ильфат Абдуллин және Дәулеткелді Жаңбырбай қорғауда.
Бұл бағдарламада әйелдер құрамасы да сәтті өнер көрсетіп, Малайзияны жеңді. Финалда қазақстандық спортшылар Қытай құрамасына қарсы шығады. Құрамда Диана Тұрсынбек, Самира Жұмағұлова және Александра Землянова бар.
Азия кубогының финалдық бәсекелері 27 наурызға жоспарланған.