Ринат Алюетов: Қазір біз 25 қазақстандық футболшы жинай алмаймыз, бірақ клубтың жағдайы мен мүмкіндіктеріне сай мықты легионерлер алдық
«Тұранның» бас бапкері Ринат Алюетов құрамдағы легионерлердің салыстырмалы түрде басым екенін айтып, команданың Түркістанда қашан ойнайтыны туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
- Командағы осы маусымда қандай мақсаттар қойылды?
- Басшылық алдымызға жоғары мақсаттар қойды. Осы маусымда командада легионерлер саны басым. Біз әрдайым сын естиміз, бірақ бұрын айтқанымдай, бәрі менің қолымда болса командаға 25 қазақстандық ойыншы жинап, осындай құраммен ойнайтын едім. Бірақ мәселе келесі: біз осыншама көлемде қазақстандықтарды жинай алмаймыз. Бұл ретте біз жастарды дамытуға кіріскен кезде Талдықорғанда болған қателіктерді екінші рет қайталағым келмейді. Сол кездері мені белгілі бір жағдайларда жұмыстан босатты.
Қазір біз 25 қазақстандық футболшыны жинай алмаймыз, бірақ біздің жағдайымыз бен мүмкіндіктерімізге сай мықты легионерлер жинадық. Біз жақсы легионерлерді жинадық, олардың жанында жас ойыншыларымыз өсуі керек. Келесі маусымда жастар өздерін жоғары деңгейге көтерген кезде, легионерлер саны командада аз болады.
Ереже жыл сайын өзгереді, келесі жылы не болатынын ешкім білмейді. Бірақ қазір бізде дәл осындай сценарий бар. Бізді БАҚ-да 10 легионер ойнайды деп сынайды. Бірақ біз не істеп жатқанымызды білеміз. Ал сын айтушыларға үлкен сәлем жолдаймыз.
- Команда өз алаңындағы ойындарды Шымкентте өткізеді. «Түркістан Аренаның» жағдайы қалай?
- Менің ойымша, бір ай ішінде біздің стадион дайын болады және Алла қаласа бір айдан кейін Түркістанда ойнайтын боламыз.