Ресейдің футбол құрамасын пәкстандықтар да мазақ етті
Украинамен соғыстан кейін ФИФА мен УЕФА тарапынан санкция салынып, ресми жарыстардан тыс қалған Ресей футбол құрамасы осы күні жолдастық кездесу өткізу үшін әркімге бір жалынып жүр, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бұл жолы Пәкстан құрамасы оларды мазақ етті.
Бірнеше күн бұрын Ресей футбол одағы Пәкстан құрамасымен жолдастық кездесу өткіземіз деп анонс жариялаған болатын. Бірақ олардың қарсыласы – Пәкстанның негізгі құрамы емес екен.
«Пәкстан футбол федерациясы Ресейге ешқандай команда жіберген жоқ, Ресей мен Пәкістан құрамаларының қазан айында болуы мүмкін ойыны туралы ақпарат жалған. Бұл үзіліс кезінде жолдастық кездесу өткізу осыған дейін айтылғандай дәл қазір мүмкін емес. Жұма күні Ресейге баратын команда біздің елдің ұлттық құрамасы емес», - деді Пәкстан футбол федерациясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Яшал Мажар.
Оның айтуынша, Пәкстан құрамасы Ресейге бармайды. Пәкстандық клубтардың ойыншыларынан құралған команда болуы әбден мүмкін. Федерация директоры Әли Акрам жақында ресми ақпарат болады деп толықтырды.
Айта кетейік, бұған дейін баскетболдан Ресей құрамасы «Достық кубогі» аясында Колумбия құрамасымен кездесіп, тас-талқан етіп жеңген болатын. Артынша Колумбияның баскетбол федерациясы Ресейге ешқандай команда жібермегенін, Ресеймен ойнаған ойыншыларды танымайтынын айтып мәлімдеме жасаған.