«Астана» мен «Шахтер» командаларына айыппұл салынды
2024 жылғы 2 қазанда Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Премьер-лига. 16-тур
«Тобыл» — «Шахтер»
2024 жылғы Қазақстан чемпионатының 16-турындағы «Тобыл» — «Шахтер» матчы кезінде «Шахтер» командасының 5 ойыншысы ескерту алғандықтан, команда тәртіпсіздік танытқаны үшін, ҚФФ ДР 48-бабының 1) тармағына сәйкес, «Шахтер» клубына 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Клуб айыппұлды 2024 жылдың 2 қарашасына дейін төлеуі тиіс.
18-тур
«Жеңіс» — «Астана»
«Жеңіс» — «Астана» матчы кезінде жанкүйерлердің пиротехниканы жағып, қарсылас командаға балағат сөздер айтуына байланысты, ҚФФ ДР 64-бабының 2-тармағына сәйкес, «Астана» клубына 150 АЕК (553 800 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Клуб айыппұлды 2024 жылдың 2 қарашасына дейін төлеуі тиіс.
Сонымен қатар, матч кезінде бас төрешіге бағытталған балағат сөздер үшін Астана футбол федерациясының президенті Давид Лорияға ескерту жасалды.