Қызылордада «Қайсар» футбол клубының ойыншылары үш айдан бері жалақы ала алмай жүр
«Қайсар» футбол клубының ойыншыларына үш айдан бері бір тиын да жалақы төленбеген, деп хабарлайды Sport +.
Премьер-лигада өңірдің намысын қорғап жүрген футболшылар қаржыдан қысылып, қатты қиналып жүргендерін айтады. Әсіресе бұл жағдай өзге елден келген легионерлерге ауыр тиген.
«Келісімшартта біздің жауапкершілігіміз көрсетілген. Яғни біздің жұмысымыз футбол ойнау. Қазір кәсіби тұрғыда міндетімізді атқарып жүрміз. Бірақ басшылардың өзі келісімді орындай алмай отыр. Тез арада жалақы мәселесі шешімін тапса дейміз», – деді «Қайсар» футбол клубының қақпашысы Степан Сикач.
Қазір тек жасыл алаңға жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін шығып жүрміз дейді ойыншылар. Тіпті соңғы турда команда мүшелері басшыларға наразылық ретінде ойынға кешігіп шыққан екен. Алайда бұл әрекеттері де нәтижесіз болыпты.
«Осы ойынға мүмкін кішкене шықпай тұра тұрармыз. Бәлкім бізге бірдеңе айтар деп. Бірақ енді кішкене күттік, онда да ешкімнен жауап болған жоқ. Шықтық, ойнап тастадық. Бізге бір адам келіп, «осындай уақытта ақша болады» дегенін естігіміз келіп тұр шыны керек», – деді «Қайсар» футбол клубының ойыншысы Думан Нәрзілдаев.
Ойыншылар жағдай бұлай жалғасса, команда тарап кетуі мүмкін екенін айтады. Ал футбол клубы мемлекет қазынасынан қаржыландырылады.