Қазақстан құрамасы ММА бойынша III Азия чемпионатында ең мықты үш құраманың қатарына енді
9–11 қаңтар аралығында Қытайдың Лучжоу қаласында Asian Mixed Martial Arts Association (AMMA) ұйымының қолдауымен аралас жекпе-жек өнерінен (ММА) III Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды Sport+.
Беделді халықаралық турнирде Қазақстан атынан жас әрі болашағынан үміт күттіретін спортшылардан құралған ұлттық құрама бақ сынады. Делегацияны Олимпиада комитетінің вице-президенті, ММА ұлттық федерациясының құрметті президенті Гаджи Гаджиев пен ММА ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев бастап барды.
Қазақстандық спортшылар жоғары дайындық деңгейін, кәсібилігін және командалық рухын көрсете отырып, Азияның ең мықты үш құрамасының қатарына енді. Жалпы есепте олар 4 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды.
AMMA аясындағы III Азия чемпионаты — 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына және 2026 жылы Сауд Арабиясында ұйымдастырылатын жабық кешендердегі Азия ойындарына (AIMAG) іріктеудің алғашқы кезеңі болып саналады. Іріктеу жарыстарының екінші кезеңі осы жылдың мамыр айына жоспарланған.
Жас спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді және қазақстандық ММА-ның әлеуеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алтын медаль иегерлері:
Әділбек Кайырғали — 77 келі (модерн)
Еламан Қуатов — 120 келі (традшн)
Абылай Шәкірбеков — 96 келі (традшн)
Қадірбек Шынбаев — 71 келі (модерн)