logo

Премьер-лига: «Елімай» «Тұранды» ірі есеппен жеңді

Премьер-лига: «Елімай» «Тұранды» ірі есеппен жеңді

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 17-турында семейлік «Елімай» өз алаңында Түркістанның «Тұранын» ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Өткен турда алматылық «Қайратқа» 1:4 есебімен ойсырай жеңілген «Елімай» жанкүйерлер алдында жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысты.

Алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысқан ұжым жылдам гол соғуға күш салды. Алаң иелері бірінші кезеңнің өзінде қарсылас қақпасына төрт гол соғып үлгерді. Бұл голдарды Рейес Уренья Эдарлин 15, 45, Никита Корзун 18, Ислам Машуков 26-минутта өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде де ойын барысы сол қарқында өрбіді. Семейлік клубтан Алвеш Дос Сантос Роджерио 72, Иван Свиридов 86-минутта тағы екі гол соқты.

Осылайша «Елімай» қарсыласын 6:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ 18 тамызда «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.

Бұл турдағы «Астана» мен «Атырау» кездесуі белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.