Португалиялық Пепе Еуропа чемпионатында ойнаған ең егде футболшы атанды
Футболдан Еуропа чемпионатына қатысып жатқан португалиялық футболшы Пепе аталған доп додасындағы ең егде ойыншы атанды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
18 маусымда Португалия мен Чехия кездесуінде негізгі құрамда жасыл алаңға шығып, 90 минут бойы ойнады. Осылайша ол 41 жас, 113 күн көрсеткішімен құрлықтық дода тарихындағы ең егде футболшы болды. Португалиялық қорғаушы Венгрияның әйгілі қақпашысы Габор Кирайдың (40 жас, 86 күн) рекордын жаңартты.
Пепе ( толық есімі Ке́плер Лавера́н Ли́ма Ферре́йра) 1983 жылы 26 ақпанда Бразилияда дүниеге келген. Спорттық мансабында Португалияның «Маритиму», «Порту», Испанияның «Реал Мадрид», Түркияның «Бешикташ» клубтарында доп тепті.
Ұлттық құрама сапында 2007 жылдан бері 136 ойын өткізіп, 8 голдың авторы атанды.
Еске салсақ, бұдан бұрын түркиялық Арда Гюлер Роналдудың рекордын жаңартты. Ол Түркия мен Грузия кездесуінде 65-минутта гол соғып, тұсаукесер ойынында гол соққан ең жас футболшы (19 жас, 114 күн) болды.
Арда Гюлер бұл голының арқасында Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдудың 20 жыл сақталған рекордын бұзды.
Айта кетейік, Криштиану Роналду 2004 жылы Еуропа чемпионатындағы тұсаукесер ойынында (19 жас, 128 күн) Грекия құрамасына гол соққан еді.