Петр Гамидов: Тактика, құрамның үйлесімділігі бойынша өзгерістер енгіздік
Астанада оқу-жаттығу жиынына кіріскен шорт-тректен Қазақстан құрамасы World Tour турнирінің келесі кезеңдеріне дайындалып жатыр. Бас бапкер Петр Гамидов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында команданың қазіргі дайындығы және мақсаттары жайында айтып өтті, деп хабарлайды Sport+
«Екі кезең өтті. Біз медалға үміттенген жоқпыз. Қазір олай жасау мағынасыз деп білемін. Өйткені біздің басты мақсатымыз — Азия ойындары. Біздің жігіттер бабында болмаған еді. Яғни, жоғары жылдамдыққа шықпадық. Алайда өткен жылғы Әлем кубогымен салыстырғанда, нәтижелеріміз өте жақсы.
Екі кезеңде біз алты В финалына шықтық. Ерлер мен әйелдер эстафетасында да жақсы нәтиже көрсеттік. Азия ойындарындағы басты қарсыластарымыз Қытай, Корея және Жапония командаларына жақсы бәсекелестік көрсеттік. Жалпы, мен спортшылардың өнерін оң бағалаймын. Барлығы жоспар бойынша өтті.
Біз маусым басталар алдында айтқанымыздай, World Tour турнирінің екінші кезеңінен кейін ерлер құрамасында өзгеріс енгіздік. Мерсаид Жақсыбаев Айбек Нәсеннің орнын басады, себебі ол Универсиадаға дайындықты бастап кетті.
Төрт құрлық чемпионаты туралы айтар болсақ, біз бастапқыда оған қатысуды жоспарлаған жоқпыз. Осыған орай, бұл жарыстардың өтпейтіні белгілі болды, әрі өткізілетін уақыты әлі жарияланбады.
Енді келесі жарыстарға дайындықты бастаймыз. 11 қарашада Астанада оқу-жаттығу жиыны басталды. Ол «Алау» жаттығу алаңында өтуде. Одан кейін үшінші және төртінші World Tour кезеңдеріне дайындаламыз.
Аралық міндеттерімізді айқындап алдық. Біз эстафетаға көп көңіл бөлеміз деп жоспарлағанбыз, себебі бұл дисциплина 2025 жылғы Азия ойындарында жүлделі орын алуға деген мүмкіндіктеріміздің бірі. Өткен жарыстарда тактика, құрамның үйлесімділігі, сондай-ақ кейбір техникалық сәттер бойынша өзгерістер енгіздік, ” — деп хабарлады маман.
Айта кетейік, World Tour турнирінің үшінші кезеңі 6-8 желтоқсан аралығында Бейжіңде (Қытай) өтеді.