OCTAGON президенті Садықов: Кезінде Азат Мақсұмның Brave FC лигасымен келісімшартын 200 000 долларға сатып алдық
OCTAGON лигасының президенті Нұраддин Садықов Sport Plus Qazaqstan телеарнасының студиясында жауынгер Азат Мақсұмның Brave FC лигасынан қалай кеткені туралы айтып берді.
- Бұл жерде Саят бауырымыздың (Саят Абдрахманов – ММА-менеджері) еңбегі туралы айту керек. Азат Brave FC лигасында төбелесіп жүргенде, Мик Мейнардтың (матчмейкер) көзіне түсті. Ол сол кезде Азатты бұл лигадан шығарып алу керек деген пікір айтты, өйткені әрі қарай 3 жекпе-жек өткізсе, онда ұзап кетеді. Азатты шығарып алу үшін біздер Brave FC лигасымен үлкен келісімшартқа бардық, себебі бұл жерде келісімшартты бұзғаны үшін айыпақы төлеу керек болды. Мен оларға айыпақының орнына Алматыда құны 200 000 доллар тұратын бір турнир өткізіп берейін, ал олар Азатты босатады деген ұсыныс жасадым. Былайша айтқанда, кезінде Азаттың келісімшартын, яғни 3 жекпе-жегін 200 000 долларға сатып алдық. Бұл 5-6 айға созылып кеткен процесс болды. Содан кейін UFC-мен келісімшарт жасастық, - деді Садықов.
Нұраддин Садықов пен Азат Мақсұм Sport Plus Qazaqstan телеарнасының арнайы шығарылымының құрметті қонағы атанды. Кейіпкерлермен толық сұхбатты жақынарада біздің YouTube-арнамызда тамашалауға болады.