logo

Норвегиялық футболшы Чума Анене: «Бранн» — мықты команда, олардың шабуылшылары жақсы

Норвегиялық футболшы Чума Анене: «Бранн» — мықты команда, олардың шабуылшылары жақсы

Алматылық «Қайрат» сапында ойнаған норвегиялық шабуылшы Чума Анене Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Конференция лигасы аясында өтетін «Бранн» мен «Астана» арасындағы матч туралы пікір білдірді.

— Жақында Берген қаласының газетінің подкастына қатысқан едім, ол жерде «Бранн» ойнайды. Қазақстанда өнер көрсеткенімнен көп уақыт өтті, сондықтан «Астананың» қазіргі жағдайын нақты білмеймін. Олар Қазақстан Премьер-лигасында 9-шы орында тұрғанын білемін, бірақ матч қиын болатынына сенімдімін. «Астананың» өз алаңының артықшылығы бар, тіпті Алматыда ойнаса да. «Бранн» — мықты команда және олардың жақсы шабуылшылары бар. Олар «Астанаға» қиындық туғыза алады. «Бранн» Норвегия чемпионатының екінші орынында келе жатыр, сондықтан футболшылардың көңіл-күйі жақсы және өз күштеріне сенімді. Бұл өте қызықты матч болмақ.

— «Қайраттан» кеткеннен кейін Қазақстаннан ұсыныстар болды ма?

— Қызығушылық болған сияқты, бірақ нақты қай клуб екенін есімде жоқ. Мүмкін, біз бұны талқылаған шығармыз, бірақ нақты ештеңе болған жоқ.

— Жақында УЕФА Ұлттар Лигасы аясында Қазақстан мен Норвегия арасындағы ойын өтеді. Осы кездесу туралы ойыңызбен бөліссеңіз?

— Аталмыш матч өте қызықты болады деп ойлаймын. Қазақстан оң нәтижесін көрсетуге тырысады. Алайда, шынымды айтсам, Норвегияны айқын фаворит деп санаймын.