Неймар Сауд Арабиясынан кетіп, Мессимен қайтадан бірігуі мүмкін
Саудиялық «Әл-Хилал» клубы мен Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар аргентиналық Лионель Месси өнер көрсетіп жүрген АҚШ-тың «Интер Майами» клубына ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Sport+.
Мұндай мүмкіндікті футбол агенті Паулу Барбоза атап өтті. Сауд Арабиясына ауысқаннан кейін бірнеше матч ойнап, Неймар ауыр жарақат алып, бір жылға жуық уақытты өткізіп алды. Жақында алаңға қайта оралды, алайда үшінші матчында қайтадан жарақаттанды.
Барбозаның айтуынша, Неймар мен «Әл-Хилал» клубының бас бапкері Жорже Жезуш арасында ойыншының мотивациясына байланысты келіспеушілік туындаған, сондықтан клуб Неймармен келісімшартты ұзартуды жоспарламайды.
«Екі нұсқа бар: не Бразилия, не МЛС. Неймардың карьерасын Бразилияда аяқтағысы келетіні анық. Бірақ қазіргі уақытта бұл үшін ерте деп ойлаймын. Ол алдымен МЛС-ке достарының жанына барып, одан кейін Бразилияға оралуы мүмкін. Неймардың Еуропаға қайта оралуға ниеті жоқ деп ойлаймын. Мессидің оны күтіп отырғаны сөзсіз», — деді Барбоза.
Неймар мен Лионель Месси кезінде «Барселона» сапында бірге ойнап, клубтың барлық жүлделерін жеңіп алған болатын.