Назым Қызайбай: Лицензиялық турнирге дайындығымызда ерекшеліктер болды
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Таиланд астанасы Бангкокқа келіп жетті. Осы қалада өтетін соңғы лицензиялық турнирде бес салмақ дәрежесінде отандық боксшылар бақ сынайды. Команда лидері Назым Қызайбай осы жарысқа дайындығы жайында айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
«Лицензиялық турнирге дайындық барысында екі кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиынынан өттік. Алматы облысындағы олимпиадалық базаларда өткен жаттығу бағдарламасында бұл жолы ерекшеліктер болды. Бокс бойынша бапкерлерге жалпы физикалық дайындық жаттықтырушысы қосылды. Бұл біз үшін өте пайдалы өзгеріс болды деп ойлаймын. Жалпы интенсивті, физикалық шыдамдылықты арттыруға бақытталған арнайы жаттығуларды қосу әлемдік бокста соңғы бір жылда қарқынды дамып келеді.
Париж Олимпиадасына жолдамалар берілетін соңғы жарысқа ел үмітін артып аттандық, бізде үлкен жауапкершілік барын толық сезінеміз. Жақсы формада бара жатырмын деп ойлаймын, жалпы соңғы кезде боксшы ретінде өстім.
Боксты жақсы көрем, сол үшін қанша жерден қиын жаттығу болса да, күлімсіреп, жақсы көңіл күйде жасаймын».