logo

Майами турнирінде ширек финалға шыққан барлық теннисшілер анықталды

Майами турнирінде ширек финалға шыққан барлық теннисшілер анықталды

Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

И.Швентек төртінші айналымда күтпеген жерден әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александровадан 4:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды. 

Сол секілді әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Кори Гауфф дүниежүзілік рейтингіде 27-орында тұрған франциялық Каролин Гарсияға жол берді – 3:6, 6:1, 2:6.

Майами жарысында ширек финалға шыққан барлық теннисшілер анықталды. 

Қазақстандық, рейтингіде 68-сатыдағы Юлия Путинцева мен әлемнің 32-ракеткасы, белоруссиялық, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Виктория Азаренко бүгін түнде алғашқы болып жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Осыған дейін қос теннисші екі рет ойнап, В.Азаренко басым түскен.

Содан кейін Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакинаға кезек келеді. Ол әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариден өтуге тырысады. Бұлар өзара үш рет кездесіп, екеуінде Елена жеңген.

Егер Путинцева мен Рыбакина қарсыластарын ұтса, жартылай финалда жолдары тоқайласады. 

Ширек финалда сондай-ақ К.Гарсия рейтингіде 53-орындағы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасады. Ал Е.Александрова әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір америкалық Джессика Пегуламен сынға түседі. 

Осылайша, ширек финалға АҚШ пен Қазақстаннан екі-екіден, Беларусь, Франция, Ресей және Грекиядан бір спортшыдан шығып отыр.