Майами турнирі: Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның қарсыластары анықталды
19-31 наурыз аралығында өтетін Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аталмыш додада төртінші ракетка болып тіркелген Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі дүниежүзілік рейтингіде 51-орында тұрған америкалық Кэролайн Доулхайд немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.
Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингіде 74-сатыдағы түбі – молдовалық, Испания өкілі Кристина Бучамен ойнайды.
Өткен жылы Е.Рыбакина Майами додасында финалға дейін жетіп, чехиялық Петра Квитоваға 6:7 (14:16), 2:6 есебімен есе жіберген еді.
Ю.Путинцева алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.
Елена Рыбакинаға өткен жылғы ұпайын қорғау үшін кемінде финалға дейін жетуі керек. Бұған дейін ол денсаулығына байланысты Индиан-Уэллс WTA 1000 жарысына қатысудан бас тартып, 2023 жылғы чемпиондық атағын қорғай алмаған еді.
Индиан-Уэллсте кеше финалда грекиялық Мария Саккариді 6:4, 6:0 есебімен жеңген әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек чемпион атанды.