Корнетт Квентин: Жанкүйерге толы стадион бізге қосымша күш береді
«Елімая» командасының француз жартылай қорғаушысы Корнетт Квентин Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Қазақстан чемпионатына бейімделу, Лига Кубогындағы «Тұранмен» матч, сондай-ақ Франция Кубогының финалы туралы өз пікірімен бөлісті.
— Қазақстанға келгенде бұл менің отбасым үшін оңай болған жоқ. Олар менімен бірге ұшып келді, бірақ содан кейін кейбір мәселелер туындады, сол себепті олар Францияға оралуға мәжбүр болды. Дәл осы күні мен жарақат алдым. Бірақ клубқа және жалпы қалаға келетін болсақ, мен көргеніме таң қалдым, әсіресе «Елимаядың» өз алаңындағы матчтарында. Біздің жанкүйерлер керемет атмосфера жасайды, әр матчқа толық стадион келеді. Жанкүйерлерге толған стадионда ойнау өте жақсы.
— Алда Лига Кубогында «Тұранға» қарсы матчыңыз бар, осы ойыннан не күтесіз?
— Менің және команданың үміттері тек біздің қарқынымызды сақтап, жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Сонымен қатар, біз өз жанкүйерлеріміздің алдында үйде ойнаймыз. Менің ойымша, жанкүйерлерге толы стадион бізге қосымша күш береді, біз оны соңғы минуттарда гол соққан матчтарда көрдік. Сондықтан біздің міндетіміз — жанкүйерлерімізді қуанту.
— Бос уақытыңызда не істейсіз?
— Мен жаттығудан басқа нәрсе істемеймін. Менің отбасым жақын болғанда, олармен уақыт өткізгенді ұнатамын. Кішкентай қызым бар, ол жарық жылдамдығымен өседі, сондықтан мен оған мүмкіндігінше жақын болуға тырысамын.
— Бүгін «Лион» Франция Кубогының финалы аясында ПСЖ-мен ойнайды, оны Sport Plus Qazaqstan арнасы көрсетеді. Бұл матчқа сіздің болжамыңыз?
— Мен «Марсельдің» жанкүйері екенімді жасырмаймын, бұл менің жүрегімнің клубы. Сондықтан, шынымды айтсам, маған «Лион» - ПСЖ матчы маңызды емес. Мен матчты көретін шығармын, бірақ бұл ойында кім жеңетіні маған бәрібір.