Алматыда жаңартылған KIA Tennis Park теннис орталығы ашылды

Алматыда жаңартылған KIA Tennis Park теннис орталығы ашылды

16 қазанда Алматыда бұрын ЦСКА атауымен белгілі болған KIA Tennis Park теннис орталығының жаңартудан кейінгі ресми ашылу салтанаты өтті. Спорт нысанын ауқымды жаңғырту және ребрендинг жасау Қазақстан теннис федерациясы мен KIA брендін ұсынатын қазақстандық Allur автомобиль компаниясының ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асты. Жоба аясында балалар теннисін дамытуға және жаттығуға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді.

Теннис орталығының тарихы тереңде жатыр. Алматыдағы ЦСКА спорт базасы өз жұмысын 1970 жылы бастаған. Содан бері ондаған жыл бойы қаладағы теннисті дамытуға үлес қосқан маңызды спорт нысандарының бірі болып келеді.
 

Бүгінде орталық жаңа атауға ие болып, келбеті толық жаңарды. Жоба Қазақстан теннис федерациясы мен Allur KIA компаниясының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды. Тараптар спорт инфрақұрылымын жаңғыртып, тенниспен айналысуға заманауи жағдай жасау үшін күш біріктірді.
Жаңартылған орталықтың заманауи талаптарға сай болуына, балаларға, кәсіби спортшыларға және теннис әуесқойларына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Ашылу салтанатына Қазақстан теннис федерациясының, Allur KIA компаниясының өкілдері, спортшылар, жаттықтырушылар, спорт қауымдастығының мүшелері және шақырылған қонақтар қатысты.

Салтанатты шара барысында лента қию рәсімі өтіп, қонақтар жаңартылған орталықпен танысты. Сондай-ақ блогерлер мен медиа өкілдерінің қатысуымен көрсетілім матчтары ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты сәттерінің бірі Алматыдағы жас теннисшілерге арналған шеберлік сабағы болды. Оны франциялық Адриан Маннарино және қазақстандық теннисшілер Бейбіт Жұқаев, Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин өткізді. Кәсіби спортшылар кортта өз шеберліктерін көрсетіп, жас қатысушылармен тәжірибелерімен бөлісті.

 

Сонымен қатар балалар үшін арнайы жаттығулар, шеберлік сабақтары мен түрлі ойындар ұйымдастырылды.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев спорт инфрақұрылымын дамыту және балалар теннисін қолдау ісінде бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың және бүкіл теннис қауымдастығының атынан Allur компаниясына осы жобаны қолдап, балалар теннисінің дамуына үлес қосқаны үшін алғыс білдіреміз. Бұл орталықта көптеген бала жаттығады. Сондықтан олардың сапалы әрі қолайлы жағдайда спортпен шұғылдануы біз үшін өте маңызды. KIA Tennis Park орталығының жаңартылуы – Федерация мен серіктестеріміздің бірлескен жұмысының нәтижесі. Болат Жәмитұлы жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеуге өзі тікелей қатысып, орталықтың дизайнына, эскиздеріне және әрбір бөлшегіне ерекше көңіл бөлді. Бұл ынтымақтастық Қазақстандағы теннистің дамуына тағы бір маңызды серпін беретініне сенімдіміз», – деді Диас Досқараев.

 

Айта кетейік, KIA бренді әлемдік тенниспен ұзақ жылдар бойы ынтымақтастық орнатып келеді. 2002 жылдан бері компания «Үлкен дулыға» санатындағы төрт турнирдің бірі – Australian Open жарысының серіктесі болып табылады. Енді Қазақстан теннис федерациясымен бірлескен жоба арқылы бұл дәстүр елімізде де жалғасын тауып отыр.

Allur KIA компаниясымен серіктестік Қазақстан теннис федерациясының спорт инфрақұрылымын дамыту және теннистің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысының жалғасы болды. 2007 жылдан бері елімізде 391 корты бар 39 теннис орталығы салынды. Ал спорт инфрақұрылымына бағытталған жеке инвестициялар көлемі 230 миллион АҚШ долларынан асты.



Күн шежіресі