Юлия Путинцева Бирмингем турнирінің жартылай финалында
Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған америкалық Кэролайн Доулхайдпен кездесті.
Бірінші сетте Путинцева 6:3 есебімен басым түскенімен, екіншісінде тай-брейкте Доулхайд есе қайырды – 7:6 (7:2). Дегенмен шешуші, үшінші сетте Юлия бет қаратпады – 6:1.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 2 эйспен бірге 20 брейк-пойнттың сегізін өз есебіне жазды. Доулхайд 1 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 44-ракеткасы, италиялық Элизабетта Кочареттомен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 49-сатыдағы ресейлік Диана Шнайдерден айласын асырды – 5:7, 6:4, 6:2.