logo

Юлия Путинцева Бирмингем турнирін жекелей сында да жеңіспен бастады

Юлия Путинцева Бирмингем турнирін жекелей сында да жеңіспен бастады

Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен екі саты төмен тұрған франциялық Клара Бюрельдің осал тұсын тапты.

Бірінші партияда есеп 3:3 болғаннан кейін Путинцева күш алып кетті – 6:3. Екіншісінде де сол қарқынынан тана қойған жоқ – 6:4.

Бір сағат 26 минутқа созылған матчта Юлия 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Бюрель 2 эйс, 2 брейкпен (12 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултер немесе рейтингіде 47-орындағы украиналық Ангелина Калининаның қай жеңгенімен таласады.

Бұған дейін Ю.Путинцева жұптық сында ресейлік Анастасия Потаповамен бастапқы кездесуін сәтті өткізіп, ширек финалға өткен еді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаның Берлин (Германия) WTA 500 турниріндегі қарсыласы анықталды. Ол екінші айналымда әлемнің 38-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен кездеседі.

В.Кудерметова алғашқы айналымда әлемнің 15-ракеткасы, отандасы Людмила Самсонованы жолдан тайдырды – 3:6, 6:4, 6:4.