logo

Григорий Панцулая: Басты мақсатымыз - Лига Кубогын ұту

Григорий Панцулая: Басты мақсатымыз - Лига Кубогын ұту

«Жеңіс» шабуылшысы Григорий Панцулая Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Қазақстанға оралуы, команданың алдына қойылған мақсаттары, «Каспийдің» ойыншы алдыңдағы қарыздары және ҚПЛ-дағы габаритті қорғаушылар жайлы ойларымен бөлісті.

- Сіз Қазақстан чемпионатына қайта оралып, «Жеңіс» клубына ауыстыңыз. Бұл клубпен қалай келісімге келдіңіз?

- Жағдай әдеттегідей өрбіді: «Жеңіс» мені қатарына қосуға қызығушылық танытты, біз шарттарды талқылап, келісімге келдік. Мен бұл маусымның соңына дейін қол қоюға жақсы мүмкіндік деп шештім.

- Клуб турнир кестесінің төменгі жағында тұр және маусым барысында бапкер ауыстырды. Осы жағдай сізді ұсынысты қабылдар алдында ойландырмады ма?

- Футболда әрдайым қиындықтар болуы мүмкін, мысалы, бапкер ауысуы немесе команданың басқа өзгерістері. Мен мұны қалыпты процесс деп санаймын және бұл мені қорқытқан жоқ.

- «Жеңіс» Лига Кубогының жартылай финалында «Қайратты» сенімді түрде жеңді. Сіз бұл нәтижеге қандай баға бересіз және оның команда үшін маңызы қандай?

- Бұл біз үшін маңызды матч болды, алғашқы ойынды сенімді түрде жеңдік. Бұл нәтиже командаға сенімділік беріп, біз трофей үшін күресе алатынымызды дәлелдеді. Кубок біз үшін маңызды, ал алғашқы ойында жеңіс бізге Алматыдағы қарымта матч алдында жақсы бастама берді.

- Алматыдағы қарымта матч жақындап қалды. Бұл ойыннан не күтесіз және өз мүмкіндіктеріңізді қалай бағалайсыз?

Біз үйде 2:0 есебімен жеңіске жеттік, бұл есеп бізге сенімділік береді, бірақ босаңсуға болмайды. Тәртіпті ойнап, финалға шығу үшін мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалануға тырысамыз.

Григорий Панцулая: Басты мақсатымыз - Лига Кубогын ұту

- «Каспий» клубымен қаржылық мәселелеріңіз шешілді ме?

- Иә, мен бұл мәселелерді шештім.

- Қазақстандағы қорғаушылардың көбін габаритті және баяу деп санайды. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

- Қазақстандағы қорғаушыларды баяу немесе икемсіз деуге келмес еді. Көпшілігі физикалық тұрғыдан мықты, бірақ олар тәжірибелі және алаңда дұрыс позиция таңдауды біледі.

- Лига Кубогында сіз екі гол соқтыңыз, бірақ чемпионатта әзірге қаңжығаңыз майланбады. Осы туралы ойыңыз қандай?

- Кубокта маған ойын уақыты берілді, сол сәтті пайдаланып, екі гол соқтым. Чемпионатта әзірге гол соғу мүмкін болмады, бірақ бұл уақыттың еншісінде. Мен жаттығуда аянбай еңбек етіп, командаға пайда тигізуге тырысамын. Ең бастысы – сәттерді жасау, сонда голдар да келеді.

- «Жеңіс» маусымның соңына дейін қандай мақсаттарды алдына қойып отыр?

- Басты мақсаттар – чемпионатта орнымызды сақтап қалу және Лига Кубогын ұту.