Георгий Жуков – «Ақтөбеге» ауысуы туралы: Менің мақсаттарым клубтың амбицияларымен сәйкес келді

«Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков қызыл-ақ команда сапына ауысуын клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Sport+.
— Ең алдымен облыс әкіміне және клуб басшылығына білдірген сенімі үшін алғыс айтқым келеді. Сол сенімді ақтауға бар күшімді саламын. Маған қандай үміт артылып отырғанын білемін — жанкүйерлердің үні мен қолдауы Қазақстанда ең керемет әрі ең құмар деп айта аламын. Олардың үмітін ақтау үшін барымды саламын.
Менің мақсаттарым клубтың амбицияларымен үйлесіп жатыр — сондықтан дәл осы жердемін. Алда өте маңызды матчтар күтіп тұр. Командаға көмектесуге және жанкүйерлерді қуантуға деген ниетім зор.
Командадағы ойыншылардың көбін білемін — Қазақстанда ұзақ ойнадым. Багдат Каировты танимын, Алибек Қасыммен де бірге өнер көрсеттік. Ел чемпионатын бақылап жүремін — Данияр Үсеновті де білемін, ол «Қайратта» ойнаған. «Ақтөбеде» әрдайым талантты жастар болады — жуырда жас ойыншы «Қайраттың» қақпасына гол соқты. Футбол әлемі өте шағын — тіпті легионерлердің көбісін білемін. Қайда келгенімді жақсы түсініп тұрмын.
Мұнда келгеніме қуаныштымын және жанкүйерлердің қолдауына сенемін. Өз тарапымнан алаңда 100 пайыз күш салып, жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға уәде беремін. Әсіресе «13-сектордың» жанкүйерлерімен жеңістерді бірге тойлаймыз деген сенімдемін. Барлық армандар орындалады деп үміттенемін.