Ғалым Мамбеталиев: Жігіттердің шабыты ашылып, шайбалар соғыла бастады
«Барыс» хоккей клубының бас бапкері Ғалым Мамбеталиев «Сочи» командасымен (6:3) жеңісті матч жайында пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport+
— Біз қарсыласты алдын ала талқыладық. Бұған дейін «Куньлунь» командасын жеңген, өте жақсы ойнаған екен. Жас, көңілді ұжым екен. Өз ойыншыларымызға ескерттік. Ойынды жақсы бастай алмадық, алғашқы минуттардан шайба өткізіп алу қаупі болды. Кейін жиналып, не істеу керектігін түсіндіруге тырыстық. Гол соғып, матчта жеңіске жеттік.
— Бір ойында алты шайба соғылды. Бұл - осы маусымдағы ең жоғары көрсеткіш. Сіздің ойыңызша, сенімді арттыра ма?
— Арттырады деп ойлаймын. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз, ойын барысында оңтайлы сәттерді көп туындатып, 3-4 гол соғатын мүмкіндік бар. Осыған дейін дұрыс жүрмей тұрды, қазір жігіттердің шабыты ашылып, шайбалар соғыла бастады.