Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемнің 19-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, бәрінде Рыбакина басым түсті.
Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Елена әбжілдік танытты — 7:6 (7:3).
Екіншісінде Вероника есе қайырды — 6:1.
Үшінші, шешуші сетті Рыбакина брейкпен тәмамдады — 6:4.
Екі сағат 35 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 9 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Кудерметова 5 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабер немесе рейтингіде 14-орындағы италиялық Ясмин Паолинидің қай жеңгенімен таласады.