logo

Еламан Шертаев: Қонағымызды төрге шығарғанымызбен, басымызға шығармаймыз

Еламан Шертаев: Қонағымызды төрге шығарғанымызбен, басымызға шығармаймыз

Ақтау қаласында өтетін Naiza Fighting Championship 64 турнирінің негізгі кардында бақ сынайтын Еламан Шертаев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында қарсыласының ауысуы, бойдақтық өмірі жайлы айтып, Нұрбек пен Вандарлей жекпе-жегіне болжам жасады.  

- Еламан, бүгін жекпе-жекке түсесіз. Дәл қазір қарсыласыңызды тізе бүктіруге толықтай дайынмын деп айта аласыз ба? Сонымен қатар, жекпе-жегіңізге 3 күн қалғанда қарсыласыңыз ауысып кетті. Енді ол жеңіске жетуіңізге кері әсерін тигізбей ме? 

- Дайындық өте жақсы өтті. Бапкеріммен екі ай дайындалдым. Алдыма кімді әкелсе де, тас-талқанын шығарамын. Себебі бәріне дайынмын. Аллаға шүкір, мықты лагерьден өттік. Қарсыласым ұра алады, күреседі, әйтеуір, жаман емес.  Маған бұйырып тұрғаны әзербайжандық спортшы болса, кімге, несіне ренжимін. Алла қаласа, жеңіске жетемін.

- Гоместің Сәбит Жүсіповті жеңгенін білесіз. Бауырыңыздың Гоместе кеткен есесін қайтару үшін төбелесу ойда бар ма?

- Иә, Гоместі білемін. Сәбит бауырым жеңетін еді. Бір ғана соққы әсер етті. Әрине төбелесемін. Маған керісінше мотивация болды. Оны 100% жеңуге дайынмын.

- Төбелес кезінде сіздің бұрышыңызда кімдер болады? Бұл жекпе-жекте жеңіске жету үшін қандай айла-тәсіл қолданбақшысыз?

- Жекпе-жек кезінде жеке бапкерім Нұртай Есбосынов секундант болады. Спарринг партнерім - Қанат деген інім. Біз қазақ қонағымызды төрге шығарғанымызбен, басымызға шығармаймыз. Мен соны октагонда дәлелдеймін. Әке-шешем, аға-бауырларым, жаттықтырушыларым қолдап отыр. Сол кісілерді қуантқым келеді. Мен бәріне дайынмын. 

- Сізді не нәрсе жігерлендіреді? 

- NAIZA маған жақсы төлейді. Біраз қарсыластарды жеңгенімнің арқасында қаржылық жағынан қомақты ұсыныстар түсіп жатыр. Маған ылғи мықты қарсыластар береді. Соларды жеңіп жатырмын ғой, сәйкесінше гонарарым да артуда.

- Бұл кештің басты оқиғасы - жеңіл салмақтағы қазіргі лига чемпионы Нұрбек Қабдрахманов (9-2) мен бразилиялық файтер Вандерлей Левандовски (17-7) арасындағы жекпе-жек. Қабдрахманов атақты ресейлік файтер Мұхаммед Эминовты нокаутпен жеңіп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге ие болса, Вандерай Левандовски осы жылдың ақпан айында лигаға кіріп, тәжірибелі Жұман Жұмабековті мойындатқан. Қос мықтының кездесуіне қатысты қандай болжам жасай аласыз?

- Менің салмағымда болғандықтан бұл жекпе-жек қатты қызық. Нұрбек Қабдрахманов жарақат алып қалмаса, уақытынан бұрын жеңеді деп ойлаймын. 

- Жеке өміріңіз жайлы айтсаңыз. Осы жекпе-жектен кейін үйлену ойда бар ма?

- Әзірге өмірлік жарымды жолықтырмадым. Отағасы болу бақыты бұйырмай жүр. Қысқасы, бойдақпын. 

- Сәттілік!