Жұман Жұмабеков: Әнші болу – балалық арманым, бірақ октагонда ән шырқауға дайын емеспін
NAIZA лигасының қазақстандық жауынгері Жұман Жұмабеков Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында NAIZA 62 турнирімен пікір бөлісті және алдағы жоспарлары туралы айтты.
- NAIZA 62 турниріндегі жекпе-жектер керемет өтті. Жеңіл салмақтағы спортшылар мені таң қалдырып, өте тартысты жекпе-жектер көрсетті.
- Соңғы жекпе-жекте сіз «Nomad» титулын жеңіп алдыңыз. Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
- Иә, бұл жекпе-жек өте қиын болды, өйткені қарсылас мықты болды. Ол – бокстан спорт шебері, ал мен қазақ күресінен шыққан жауынгермін, сондықтан барын салып, Аллахтың қалауымен осы белбеуді ұтып алған болатынмын. Жоспарлар үлкен. Менде «NAIZA», «Nomad» және «Hardcore FC» лигаларымен келісімшарттар бар. Қазір жақсы ұсыныстар болса, осы үш промоушнның бірінде жекпе-жекке шығуға дайынмын.
- Сізді қандай ұсыныс қанағаттандырады?
- Қарсылас мықты болып, сыйақы жағынан жақсы болса.
- Нұрбек Қарабала сұхбатында сіздің мансабыңызды аяқтау жайында айтқан болатын. Бұл пікірді қалай қабылдадыңыз?
- Мен Naiza-да 2011 жылдан бастап төбелесіп келе жатырмын. Сергей Морозов, Жалғас Жұмағұлов және мен осы лиганың тұсауын Ақтау қаласында кескен едік. Мен Нұрбек ағаны өзімнің туған ағам секілді көремін. Оның әрбір айтқан сөзін өзіме жігерлеп қабылдаймын. Әрине, ол мен үшін уайымдайды. Осы жұмысқа мені баптап, дайындап жатқан секілді. Мансабымды тоқтатқан кезімде, мен осы Нұрбек ағамның жанында жұмыс жасауға дайынмын. Жалпы Нұрбек Қарабалаға алғысымыз шексіз. Осындай Naiza лигасын ұйымдастырып, бұл ұйымды әлемдік деңгейде үздік 15 лигалардың қатарында ұстап тұр.
- Сізге комментаторлық жұмыс жеңіл ме, әлде октагонға шығып жұдырықтасқан жеңіл ме?
- Жекпе-жектерді көргенде делебеміз қозады. Мен де өзім ашық айқастарды жақсы көремін, себебі жекпе-жектерге қаншама халық келіп отыр. Мен келген халықты ойламын, олар қызықты жекпе-жектерді көрсін деп. Әрине, комментаторлық жұмыс оңай, бірақ бұл саланы 10-балдық өлшеммен бағалайтын болсақ, онда менің жұмысымды 4-ке бағалауға болады. Мен бұл саладан әлі де тәжірибе жинап жатырмын.
- Кішкентай кезімде әнші болуды армандайтынмын деп айттыңыз...
- Иә, бұл балалық арманым. Анашым Кентау қаласында үй жинап жүрген кездерде, мен Мейрамбек Беспаевтың «Алғашқы махаббат» өлеңін айтатыным есімде. Анам ойлаған, мен өскенде әнші боламын деп, бірақ Алланың тағдырыма жазғаны спортшы болу болды. Негізі анашым осы төбелесті қойып, ән айтқанын дұрыс еді деп.
- Қазір жекпе-жектердің арасында өнеріңізді көрсетіп, неге ән айтпасқа?
- Жоқ, мен бұған қарсымын. Мен тек келіншегіме және анама өлең арнаймын (күлді).