Қызым және әке-шешемнің болашағы үшін төбелесіп жүрмін: Нұрбек Қабдрахманов
NAIZA лигасының чемпионы Нұрбек Қабдрахманов қарсыласы Вандерлей Да Силваның қауіпті тұсы, 12 келі салмақ тастауы, жекпе-жекке дайындығы мен басты мотиваторы жайында Sport Plus Qazaqstan сайтына сұхбат берді.
- Вандерлеймен жекпе-жекке қалай дайындалып жатырсыз?
- Дайындық ойдағыдай. Құдай қаласа, барлық жағынан дайын боламын. Қазір жаттығу жеңілдеді. Себебі салмақ қуу процесі басталды. 12 келіге арықтап жатырмын. Салмақ түсіру кезінде ең бірінші, бешбармақты сағынамын. Бауырсақ, қаймақ және басқа да «ауыр» тағамдарды аңсайтыным бар.
- 12 кг салмақтан неше күнде арылу жоспарда бар? Жалпы, осы салмақ қуу процесінен өзгелерге кеңес беріңізші. Нендей құпиясы бар?
- 12 келі салмақтан 3 айда арыламын. Ас мәзірінен, ең алдымен, ұн өнімдері мен қанты бар бүкіл тәттілерді толығымен алып тастаймын. Ақырындап тамақты каллориясына қарай өлшеп, мөлшерін азайтып жеймін. Шынымды айтсам, салмақ қуу - оңай процес емес. Өйткені бүкіл сүйікті тағамдарыңнан бас тартасың. Менің сүйіп жейтін асым - мәнті мен бешмармақ. Негізі, салмақ қуу - уақытша сынақ қой. Шыдамдылық, тәртіпті талап етеді. Ең бастысы, нан мен қанттан бас тарту керек дегім келеді.
- Вандерлей әлеуметтік желілерде хайп жасап, қолынан келгенше жекпе-жекті насихаттауға тырысып бағуда. Сіздің ойыңызша, бұл біздің қоғамға қаншалықты өтімді?
- Иә, Вандерлей «белбеуіңді алып кетемін» деп әлеуметтік желілерді шулатып жүр. Маған ол мүлде әсер етпейді. Бәрін жекпе-жекте көрсетеміз ғой, Құдай қаласа!
- Бұл бразилиялық жігіттің нендей қауіпті тұсы бар?
- Қарсыласым - өте мықты. Ең қауіптісі, ол - партер. Сол жағынан сақ болу керек. Соған сай мен де барлық аспектіде дайын боламын.
- Жұмағұлов пен Әліби жаттығу үшін Америкаға ұшып кетті. Олардың артынан Майамиге аттанғыңыз келмей ме?
- Осы жекпе-жектен кейін Америкаға ұшу үшін барлық амалды жасаймын.
- Қазір Дәурен Ермеков жекпе-жекке дайындалып жатыр, Жако Жұмағұлов Америкада, Сергей Морозов зейнеткерлікке шыққан сияқты. Қандай аға буын өкілдері Вандерлеймен жекпе-жекке дайындалуыңызға көмектесіп жатыр?
- Иә, Дәурен өз жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Жакомен әрдайым байланыстамыз, маған кеңесін айтып отыр. Сергей Морозов - менің алғашқы бапкерім. ММА жолын сол кісі арқылы бастадым. Морозов әрқашан жанымда. Ол бұрынғы UFC жауынгері болғандықтан тәжірибесі өте үлкен. Қателіктерімді айтып, бар білгенін үйретіп, көмегін аямай береді.
- Бразил жауынгері Дастан Амангелдіні жекпе-жекке шақырды. Бұл жайлы Дастанмен сөйлестіңіз бе?
- Иә, бразилиялық жауынгер Дастан бауырымызды жекпе-жекке шақырып жатыр. Ол тым асығып жатқан секілді. Себебі әлі жекпе-жегіміз өткен жоқ. Бұйырса, осы жекпе-жектен кейін бәрін көреміз.
- Сіз менеджермен келісімшартқа отырғаныңызды мәлімдедіңіз. Менеджермен шетелдік лигаларды бағындыру жайын талқылаған шығарсыз. Алда нендей мақсаттар тұр?
- Иә, менің менеджерім - Саят Абдрахманов. Жоспарлар бар. Осы жекпе-жекте міндетті түрде ұтуым керек. Сосын бәрін талқылап, шешеміз.
- NAIZA лигасында келесі қай жауынгермен жекпе-жек өткізгіңіз келеді?
- Вандерлейді жеңген соң NAIZA қандай қарсыластар беретінін көреміз, ол жағын талқылаймыз.
- Сіздің мотиваторыңыз кім? Отбасылық өміріңіз жайлы айтыңызшы…
- Отбасылық өмірім туралы айтсам, жалпы жұбайым, бір қызым, екі інім, әке-шешем бар. Жан жарым жекпе-жектерімді қарамауға тырысады. Маған мотивация беретін солар ғой. Қызым, әке-шешемнің болашағы үшін төбелесіп жүрмін. ММА - мен үшін әлеуметтік лифт!
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, 27 шілдеде Ақтауда NAIZA 64 турнирі өтеді, оның басты оқиғасы - қазіргі лига чемпионы Нұрбек Қабдрахманов (9-2) пен бразилиялық файтер Вандерлей Да Силва (17-7) арасындағы жекпе-жек. Аталмыш жарысты Sport Plus Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.