Допты хоккейден «Ақжайық» командасы қатарынан 13 жеңіске жетті

Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» өз айдынында «Маяк» (Краснотурьинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар өз тобында екінші орында тұрса, краснотурьинскілік клуб үшінші сатыда еді.
Өткен жылы 16 желтоқсанда «Ақжайық» Краснотурьинскіде алғашқы ойында «Маякты» 4:3 есебімен ұтса, бір күннен кейін 4:10 есебімен жеңіліп қалған еді.
Содан бері қатарынан 12 матчта жеңіске жеткен батысқазақстандық клуб бүгінгі матчта да іркілмеді. «Маякты» 10:2 есебімен тізе бүктіріп, есе қайтарды.
«Ақжайықтан» команда сұрмергені Максим Пахомов 7 голдың авторы атанса, «Маяк» қақпасына Артем Лапшин, Максим Өтебалиев, Самат Аманшин бір-бірден доп енгізді. Сондай-ақ Рауан Исалиевтің 7 рет нәтижелі пас бергенін атап өткен жөн.
4 ақпан күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.