Цотне Мосиашвили: Өз ойыныммен жанкүйерлер көңілінен шықтым деп ойлаймын
«Тобыл» командасының грузиялық жартылай қорғаушысы Цотне Мосиашвили Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында қостанайлық клубқа ауысуы, еурокубоктар және маусымдағы мақсаттар туралы айтты.
– Цотне, өткен турда «Тобыл» «Атыраумен» тең ойнады. Ойын жайлы не айта аласыз?
– Ойын бойы басымдыққа ие болып, нәтиже болмаған кезде көңілсіздік туындайды. Біз екі ұпай жоғалттық, бірақ команданың прогресін көріп отырмыз. Әр ойын сайын жақсарып келеміз. Сәл ғана сәттілік болса, қалаған нәтижеге қол жеткіземіз.
– Биылғы жазда сіз «Жетісудан» «Тобылға» ауыстыңыз. Ұсыныс қалай түсті және оны қабылдау туралы ұзақ ойландыңыз ба?
– Жазда әртүрлі командалардан ұсыныстар түскен, бірақ «Тобылдың» ұсынысы ең қызықты болды. Менің ойын стилім команданың философиясына сай келді, сондықтан мен ұзақ ойланбадым.
– Қазақстан футболының көптеген жанкүйерлері сіздің «Жетісудан» «Тобылға» ауысқаныңызға таң қалды. Осыған қатысты не ойлайсыз?
– Әрине, әр жанкүйер өз командасында мықты ойыншының болғанын қалайды. Ауысып келгеннен кейін көп негативті пікірлер болды. Бірақ менің ойындарымнан кейін адамдардың маған деген көзқарасы түбегейлі өзгерді.
– «Тобыл» маусым алдында еурокубоктардың тобына шығуды қоса алғанда, үлкен мақсаттар қойған еді. Алайда клуб Конференция Лигасының екінші раундында жарысты аяқтады. Қалай ойлайсыз, не дұрыс болмады?
– Еурокубоктарға келер болсақ, бізге концентрация жетіспеді деп ойлаймын. «Ружомберок» өте мықты болды, сондықтан бұл кедергіні еңсере алмадық. Қостанайдағы қарымта ойынды көргендер біз қарсыластан мықты болғанымызды мойындайтын шығар. Ал швейцариялық командаға келсек, біз психологиялық тұрғыдан әлсіреп қалдық, әрі «Санкт-Галлен» өте күшті қарсылас болды. Биыл еурокубоктарға жолдама алып, келесі жазда бұл тәжірибе бізге көмектесетініне сенімдімін.
– Сіз чемпионаттағы тіреуші жартылай қорғаушылар арасында доп тартып алудан үздіксіз. Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Статистика бәріне қызықты, бұл сөзсіз маңызды бөлік. Бірақ алаңға шыққанда мен әрекеттерімнің санын санамаймын. Командаға бар күш-жігерімді салып, жеңіске жетуге көмектесуге тырысамын. Бұл статистиканы маусым соңына дейін сақтаймын деп үміттенемін (күледі).
– Алдағы турда «Тобыл» «Елімаймен» кездеседі. Бұл ойындағы жеңіс сіздерге төртінші орынға бекінуге мүмкіндік береді. Бұл ойыннан не күтесіздер?
– Сәтсіз матчтардан кейін жағдайды түзету қажет. Қиын матч болатыны сөзсіз, «Елімай» – мықты команда, олар өз алаңында ойнайды, бірақ біз әлі де фаворитпіз деп санаймын және осы мәртебені ақтайтынымызға сенемін.