BRAVE – UFC-ге апарар жол, желтоқсанда жекпе-жек күтіңіздер: Диас Еренғайыпов
Аралас жекпе-жектен NAIZA лигасының чемпионы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Диас Еренғайыпов Sport + сайтына сұхбат беріп, BRAVE лигасындағы алғашқы жекпе-жегі қашан және кіммен өтеттінін айтты. Сонымен қатар өзіне қатысты өзге де қызықты сұрақтарға жауап беріп, ендігі кезекте чемпиондыққа талас Бағлан Жақанша мен Абылайхан Шаратов арасында өтуі мүмкін деп отыр.
— Диас, неліктен титулды тастап, BRAVE лигасына ауысу туралы шешім қабылдадыңыз? Ұсыныс қалай түсті?
— Біріншіден, NAIZA лигасында маған лайықты қарсылас жоқ. Менің салмағымда Қазыбек Сағын бар еді, ол жарақат алып қалып, жекпе-жегіміз өтпей қалды. Екіншіден, шетелдік лигаларда бағымды сынап көргім келді.
— Бұл лигамен қанша жылға келісімшартқа отырдыңыз? Сізге қанша жекпе-жек беріп отыр?
— Биыл қазан айында ұсыныс түсті. 1 ай ойланып, оларға не иә не жоқ деп жауап берген жоқпыз. Кейін Қазыбектің жарақаттанып қалғанын білген соң өзіміз хабарласып, ұсынысты қабылдайтынымызды айттық. Келісімшарт 3 жылға 5 жекпе-жек бойынша бекітілді. Мысалы, мен 1,5 немесе 2 жыл ішінде 5 рет жекпе-жекке шықсам, келісімшартымыз орындалды деп есептеледі.
— Алғашқы жекпе-жегіңіз қашан өтеді және қарсыласыңыз кім?
— Алла қаласа, алғашқы жекпе-жегім 13 желтоқсанда өтеді. Қарсыласымның кім екенін әзірге айта алмаймын. Себебі ресми жарияланбады. Яғни, BRAVE ұйымдастырушыларынан хабар күтіңіздер. Дегенмен қарсыласым сол лигада 1-2 рет төбелескен спортшы. Соңғы 6-7 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. Түсінгенім, осал қарсылас емес.
— BRAVE лигасы несімен мықты?
— Біріншіден, халықаралық дәрежеде өзін мойындатып қойған. Өйткені қазіргі UFC жұлдыздарының көпшілігі осы лигадан шықты. Біздің Азат Мақсұм, Асу Алмабаев аталмыш лигада жарқын жеңістерге қол жеткізіп, UFC-ге ауысты. Одан бөлек Чамзат Чимаев, Илия Топурия да BRAVE лигасында төбелескен. Яғни, BRAVE — UFC-ге апарар жол!
— NAIZA лигасында сіздің салмағыңыз бойынша чемпиондар қатарында «Еркін күш» залынан Әліби Ыдырыс тұр. Қазір Әлібидің жоспары қандай деп ойлайсыз? «Еркін Күштің» қай жауынгерін титулға лайық деп ойлайсыз?
— Иә, рейтинг бойынша Әліби Ыдырыс тұр. Бірақ ол маған дейін чемпион болған. Сондықтан оның белбеуге деген қызығушылығы шамалы деп ойлаймын. Ол да қазір шетелдік лигалармен келісімшартқа отыру жағын көздеп отыр. Одан кейін Бағлан Жақанша, Болат Заманбеков бар. Жарақаты тезірек жазылып кетсе, Абылайхан Шаратов белбеуге лайық. «Еркін Күш» жауынгері Бағдат Жұбаныш 57 келі салмаққа ауысса, чемпион атануға толық мүмкіндігі бар. Дегенмен мен кеткен соң чемпионддыққа талас Бағлан Жақанша мен Абылайхан Шаратов арасында өтеді деп ойлаймын.
— Алдағы мақсатыңыз қандай? Сізді не нәрсе жігерлендіреді?
— Қазақстан спорты тарихында өз ізімді қалдырғым келеді. Балаларым, оқушыларым үлгі тұтатын тұлға болуды қалаймын. Жанұям үшін ММА-да жүрмін. Балаларымның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете беремін. Мені жігерлендіретін де осы.
— Адамдардың бойындағы қай қасиеті, қылығы ұнамайды?
— Біріншіден, мән-мағынасыз көп сөйлеу. Ер жігіттің екі сөйлегені ұнамайды. Екіншіден, дүние үшін бір-бірін сатып кетуден тайынбайтындардан жиренемін.
— Рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!