«Барселона» жаңа трофейді ұтуды көздейді. «Валенсия» — «Барселона» матчының тікелей эфирі

Каталондық «Барселона» Испания кубогының ширек финалы аясында Ла Лиганың аутсайдері «Валенсиямен» кездеседі.
«Көк-анаргүлділер» алтын хет-трикке үміткер болуға әлі де мүмкіндігі бар. Олар Суперкубокты жеңіп алды, чемпионатта «Реалдан» 4 ұпайға қалып келеді, ал Кубокта ширек финал сатысында.
Ханс Фликтің шәкірттері үшін жартылай финал жолындағы басты кедергі — Ла Лиганың соңғы орындарының бірінде тұрған «Валенсия». Қазіргі таңда бұл команда қауіпсіз аймақтан 4 ұпайға қалып келеді.
Жалпы, «Валенсия» үшін бұл маусымды сәтті деп айту қиын, себебі турнирлік кестедегі орны өте төмен. Сонымен қатар, бұл команда соңғы рет «Барселонаны» 2020 жылдың қаңтарында 2:0 есебімен жеңген болатын.
Осыдан кейін өткен 10 кездесудің 8-інде «Барселона» жеңіске жетсе, 2 матч тең нәтижемен аяқталды.
Биылғы маусымда да «көк-анаргүлділер» қарсыласын ойсырата жеңді — 26 қаңтарда өз алаңында Фликтің шәкірттері «Валенсияны» 7:1 есебімен ұтты. Бірінші айналымда да «Барса» жеңіске жеткен еді — 2:1.
Жаңа кездесу 6-нан 7 ақпанға қараған түні сағат 01:30–да өтеді. Ойынды тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан және sporplustv.kz сайтынан көруге болады.