«Барселона» бас бапкер Хавиды қызметінен босатты
«Барселона» ақыры бас бапкерін ауыстыру туралы түпкілікті шешім қабылдады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
27 қаңтарда Испания чемпионатының 22-турындағы ойында «Барселона» өз алаңында «Вильярреалдан» (3:5) ұтылды. Матчтан кейін Хави маусымның соңында отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол бұл шешімін клубтың даму бағытын өзгерту керек деп түсіндірді. Кейін испаниялық бұл ойын өзгертіп, қалатын болған. Енді міне, «Барселонаның» өзі келісімшартты бұзуға шешім қабылдады.
Хави 2021 жылдың қарашасынан бері «Барселонаның» бас бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен команда былтыр Испания чемпионы атанып, ел суперкубогын да жеңіп алды.
Бұл маусымда мадридтік «Реал» мерзімінен бұрын Испания чемпионы атанды. «Барселона» қазір 79 ұпаймен екінші орында. «Жирона» үшінші орында. Чемпионаттың аяқталуына дейін командалардың екі ойыны бар.