Атырауда волейболдан фавориттері кездесті
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында орталық кездесулердің бірі «Жетісу» (Талдықорған) мен «Павлодар» арасында өтті, деп хабарлайды Sport+ Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Сергей Грибов жаттықтыратын павлодарлықтар өткен чемпионатты күміс жүлдемен аяқтаса, талдықорғандықтар бірінші турда жеңілмей келе жатқан еді.
Бірінші партияда Марат Адрышевтің шәкірттері 25:19 есебімен басым түссе, екіншісінде павлодарлықтар есе қайырды – 25:17.
Үшінші сет талдықорғандықтардың пайдасына шешілді – 25:18. Олар төртінші партияны да аса қарқынды бастады – 7:0. Павлодарлықтар таразы басын теңестіргенімен, одан әріге шамалары жетпеді – 23:25. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, бірде-бір матчында жеңілмеген «Жетісу» 14 ұпаймен жекедара топ бастады. Талдықорғандықтар ертеңгі соңғы ойынның нәтижесіне қарамастан, бірінші турда озық шықты.
Біріншілік аутсайдерлері – «Атырау» мен «Ұшқын-Көкшетау» ойынында алаң иелері 3:1 (25:23, 20:25, 25:19, 26:24) есебімен ұтып, бастапқы жеңісіне қол жеткізді.
Алғашқы турдың соңғы күні «Тараз» - «Жетісу», «Есіл» - «Ұшқын-Көкшетау», «Буревестник» - «Жайық», «Атырау» - «Ақтөбе» командалары өзара шеберлік байқасады.