Асхат Тағыберген: «Қайсар» - туған өлкемнің командасы, оларға қарсы ойнау екі есе қызық
Шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыберген Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Olimpbet QFL Қазақстан чемпионатының 13-туры аясында қызылордалық «Қайсармен» (2:1) өткен ойын туралы пікір бөлісті.
— «Ордабасы» мен «Қайсар» арасындағы ойынды оңтүстік дербиі деп атайды. Бірақ біз өзіміздің чемпиондығымызды дәлелдедік. «Қайсар» — мықты қарсылас. Бұл ұжым туған өлкемнің командасы болғандықтан, оларға қарсы ойнау екі есе қызық. Еурокубоктың алдында екі матчымызды өткізіп, шетелде ел намысын қорғауға тырысамыз. Стандарттық жағдайларды арнайы дайындамаймыз, ойын барысында келетін жағдай. Біздер тек стандарт арқасында емес, матчтан кейін допқа иелік ету статистикасын қарасаңыздар, біздер әрдайым басым боламыз, — деді Асхат.
«Ордабасы» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» 2:1 есебімен жеңді. Есепті кездесуде «қасқырлардың» шабуылшысы Айбар Жақсылықов ашты, екінші таймда Жасурбек Яхшыбоев теңестірді, ал ойынға нүктені Дембо Дарбо қойды.