Астанада немесе АҚШ-та жаттығамын: Юлия Путинцева
Қазақстандық Юлия Путинцева Уимблдонда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің бес дүркін чемпионы, Польша өкілі Ига Швентекті жеңгеннен кейін өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Алғаш рет Уимблдон турнирінің төртінші айналымына жолдама алған Ю.Путинцева И.Швентекпен бәсекеде қорықпай, сәтті ойнауға тырысқанын, соның нәтижесінде жеңіске жеткенін атап өтті.
«Жарыстарға жиі қатысамын, сондықтан менде жаттығатын көп уақыт болмайды. Бірақ бос уақытым болғанда, Астанада немесе АҚШ-та жаттығамын. Маусым алдында, Аустралия турнирлері басталар кезде Қазақстан командасы АҚШ-та не Дубайда дайындық жиынын ұйымдастырады.
Мен соның бәріне Қазақстан командасымен бірге барамын. Олар бізге барынша жағдайды жасап, үлкен қолдау көрсетеді. Қазіргі кезде Астанада корттар салуда. Бұл өте жақсы бастама. Бізде мықты база бар. Мен сол жерге жаттығуға барып тұрамын», - деді Ю.Путинцева.