Елена Рыбакина әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтып, төртінші айналымға шықты (видео)
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда кезінде мықтылардың көшін бастаған, қазір 91-орында тұрған даниялық, 2018 жылғы Аустралия чемпионатының жеңімпазы, 33 жастағы Каролина Возняцкимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Рыбакина бет қаратпады – 6:0.
Сәл тартыстылау өрбіген екінші сетте Елена 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1.
Небәрі 58-минутқа созылған матчта Рыбакина 9 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Осылайша, Уимблдонның төртінші айналымында Қазақстаннан Ю.Путинцева мен Е.Рыбакина ойнайды.