Астана төртінші рет дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирін қабылдайды
8–10 мамыр аралығында Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Бұл жарыс төртінші рет ұйымдастырылып, тағы да әлемнің ең мықты спортшыларын жинайды, деп хабарлайды Sport+.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген беделді турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.
Осы жарыс қорытындысы бойынша IJF ережелеріне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында әлемдік және Олимпиадалық рейтингтерге ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1-орын үшін 1000 ұпай, 2-орын үшін — 700, ал 3-орын үшін — 500 ұпай беріледі.
Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.
Турнирге Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттарының және құрлықтық біріншіліктердің жүлдегерлері мен жеңімпаздары саналатын әлемнің жетекші дзюдошылары қатысады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан Республикасының Дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен елде Grand Slam әлемдік сериясының кезеңдерін өткізу туралы төрт жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Келісімге сәйкес, Қазақстан бұл турнирді 2026 жылды қоса алғанға дейін өткізеді.
Сондай-ақ, 2027 жылы Астана дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайтынын атап өткен жөн.