«Астана» футбол клубының басшылығында өзгерістер орын алды

«Астана» футбол клубының жаңа бас директоры болып Қайсар Бекенов тағайындалды. Бүгін Директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Ильич Гурман Қайсар Рауфұлын клуб қызметкерлеріне ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды Sport+.
Қайсар Рауфұлы 2013-2019 жылдары клубта басшылық қызметтерде жұмыс істеп, «Астананың» «алтын дәуірінде» командамен бірге ел ішіндегі барлық мүмкін трофейлерді жеңіп алды және Еурокубоктарда тарихи жетістіктерге қол жеткізді.
«Астана» — УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан Қазақстан футболы тарихындағы алғашқы команда, сондай-ақ Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне өткен жалғыз клуб.
2024 жылы Бекенов клубта маркетинг және қоғаммен байланыс бағыттарына жауапты болды.
Ал бұған дейін клубтың бас директоры қызметін атқарған Газинұр Әлімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кетті.