Арман Кеңесов: Шомкомен қайта бір командада болатынымызға қатты қуандым

«Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Арман Кеңесов Sport+ арнасына берген сұхбатында «Ақтөбе» клубындағы кезеңі, «Астанаға» ауысуы, ұлттық құрама және Дмитрий Шомконың командаға ықпалы туралы айтты.
— Арман, «Астана» клубындағы оқу-жаттығу жиындары мен сіздің бейімделуіңіз қалай өтуде?
— Көп жігіттерді бұрыннан білемін, бапкерлер штабы да мені жақсы таниды, сондықтан бейімделуде ешқандай қиындық жоқ. Командаға қосылған сәттен бастап өзара түсіністік қалыптасты. Екі жиын да жақсы өтуде.
— Өткен маусымнан кейін «Астанаға» қосылуыңызға қандай фактор әсер етті?
— «Астана» — Қазақстандағы нөмірі бірінші клуб. Бұл жерде өзімді ойыншы ретінде дамыта алатынымды түсіндім. Мен бәсекелестік жоғары командада болғым келді, мұнда барлық футболшылар мықты, негізгі құрамда орын үшін күресу қажет. Осы деңгейде бәсекеге қабілетті боламын деп үміттенемін.
— «Астанада» қай позицияда ойнайсыз? Макс Эбонгпен бәсекелес боласыз деп айтуға бола ма?
— Бұл сұрақты бас бапкерге қойған дұрыс шығар, ол мені қай жерде көргісі келетінін шешеді. Әзірге мен алаңның ортасында ойнап жүрмін. Барлығы өзіме байланысты — қалай өнер көрсетсем, соған қарай шешім қабылданады.
— Сіздің позицияңыз шабуылға әлде қорғанысқа жақын ба?
— Бізде ойын моделі өзгеріп отырады, матч барысында мен әрі шабуылға, әрі қорғанысқа жақын ойнай аламын. Орталық алаңда үлкен жұмыс көлемін атқару қажет.
— «Ақтөбе» клубындағы кезеңіңізді қалай бағалайсыз?
— Бұл клубқа өте ризамын — сол жерде жүріп ұлттық құрамадан шақырту алдым. Ақтөбе қаласы маған жат емес, анам сол жерде дүниеге келген. Қазақстан Кубогын жеңіп алғаныма қуаныштымын.
— Қазір «Астанада» сізбен бірге «Ақтөбеде» ойнаған Дмитрий Шомко да бар. Екеуіңіз де павлодарлықсыздар. Оның командада болуы сіз үшін қаншалықты маңызды?
— Диманың командада болатынын білгенде қатты қуандым. Ол «Ақтөбеден» кеткенде, ұжымда көңілсіздік болды, өйткені ол көшбасшы еді. Ол — біздің команданың жаны. Дима — тәжірибелі футболшы, қазір де ойыншыларға әрі алаңда, әрі киім ауыстыратын бөлмеде көмектесіп жүр. Шомкомен бір командада қайта ойнайтыныма қуаныштымын.
— Ұлттық құраманың бас бапкері ауысып, Али Алиев келді. Жаңа бапкерлер штабы сізбен байланысқа шықты ма?
— Әзірге ешкім хабарласпады, бірақ бәрі менің алаңдағы ойыныма байланысты. Орталық алаңда бәсекелестік жоғары. Жаңа бапкерлер штабын жақсы әсерде қалдырып, ұлттық құрамаға шақырту аламын деп үміттенемін. Соңғы екі жиынға қатысқан жоқпын.