Аралас жекпе-жек шебері Руслан Сариев: маған шақ келетін қарсылас табылмай жатыр…
28 қаңтарда Шымкенте аралас жекпе-жек шебері Руслан Сариевтың дагестандық Ильмиямин Джаватовпен кездесуі өтуі тиіс еді. Алайда Джаватовтың жарақат алуына байланысты Руслан Сариев қарсылассыз қалды.
Отандасымыз Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында кіммен белдесу бұйырса да, жеңіске жетуге бар күшін салатынын жеткізді. Сондай-ақ спорт саңлағы алдағы жоспарлары, жеке өмірі мен гонарар мөлшерін де ашып айтты.
- 28 қаңтарда жекпе-жегіңіз бар екенін білеміз. Дайындық қалай?
- Иә, Ильмиямин Джаватов жекпе-жекке шықпайтын болды. Қазіргі таңда басқа қарсылас іздестіріліп жатыр. Алла жазса, 28 қаңтарда жекпе-жек болады деп үміттенемін. Дайындығым жақсы, Бейнеуде өтті. Қазіргі уақытта Ақтауда жаттығып жатырмын.
- Осы уақытқа дейін дагестандық спортшымен сынға түсуге дайындалдыңыз ғой. Қарсыласыңыздың жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болғанын қалай қабылдадыңыз?
- Оның орнын алмастыратын спортшы іздеп жатыр. Табылады деген үміттемін. Жеке өзімнің денсаулығым жақсы.
- Сіздің жетістікке жету құпияңыз қандай?
- Ерекше тактика қолданбаймын. Бапкерлерім шешеді.
- Жекпе-жекке қойылып жатқан гонарар мөлшеріне тоқталыңызшы…
- Әрине, гонарар жағы бәріне қызық қой. Сондықтан сол қызық күйінде қалсын. Дегенмен 1 миллион теңгеден жоғары.
- Бұл жекпе-жекті кімге арнайсыз?
- 5 минуттан тұратын 5 раундтық жекпе-жек болады. Турнирге жерлестерім келіп, бүкіл Шымкент қолдау білдіреді деп ойлаймын. Алда болатын жекпе-жегімді Қазақ еліне арнағым келеді!
- Алдағы жоспарлар қалай? Сіз үшін спорт ақша табу көзі ме?!
- Мақсатым - белбеуді ұту. Соған қарай алдағы жоспарым да белгілі болады. Отбасында төртеуміз: әкем, анам, қарындасым бар. Шынын айтқанда, иә, әзірге спорт мен үшін ақша табудың көзі.
- Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Айта кетейік, аталмыш жекпе-жек Alash Pride FC 93 аясында өтеді. Тікелей көрсетілімді Sport Plus Qazaqstan арнасы және сайтынан 28 қаңтарда тамашалауға болады. Тікелей эфирдің басталуы 17:00-де.