Ақтаулықтар үшінші жеңістен үмітті. «Каспий» мен «Оңтүстік Академиясы» матчының тікелей эфирі

24 сәуір күні Ақтауда Бірінші лига аясында «Каспий» мен «Оңтүстік Академиясы» арасында матч өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Алаң иелері маусымды сенімді бастады — олар Қазақстан кубогының іріктеу кезеңіндегі барлық матчта жеңіске жетіп, Бірінші лиганың алғашқы екі турында да қатарынан жеңіске қол жеткізді. Маусым басындағы жалғыз сәтсіздік — «Қайраттан» Кубок аясындағы 0:3 есебімен жеңіліс.
Қонақтар маусым басында үш матчтың барлығында жеңіліп қалды, оның ішінде Кубоктың іріктеу кезеңінде «Каспиймен» өткен бетпе-бет кездесуде де жеңіліс тапты. Дегенмен, бұл матч ақтаулықтар үшін оңайға соқпады. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды, онда манғыстаулықтар дәлірек болып шықты.
Бұл кездесудің тікелей көрсетілімін Sport+ Qazaqstan телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан 16:30–да тамашалай аласыздар.