Англиялық үш жанкүйер Еуро-2024 турнирінің финалына барғаны үшін жұмыстан қуылды
Футболдан Англия құрамасының үш жанкүйері Еуропа чемпионатының финалына барамыз деп жұмысынан айырылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
58 жастағы Алан Рили ұлдары Дилан және Биллимен бірге пойыз жүргізушісі болып жұмыс істеген. Олар теміржол компаниясына Еуро-2024 турнирінің финалына баратынын хабарлағаннан кейін, басшылық оларды жұмыстан шығарып жіберген.
Бұған қарамастан отбасы мүшелері сүйікті құрамаларына жанкүйер болу үшін Берлинде (Германия) өткен финалдық матчқа барған.
«Мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет болады. Жұмыс келеді және кетеді, бірақ менің әкем Англия құрамасын финалда соңғы рет көруі мүмкін.
Ойын нәтижесіне қарамастан, оны әкеммен және ағаммен бірге сезіну сондай бақыт. Біз бұл матчты көру үшін билеттерге 3 000 фунт жұмсадық», - деді Дилан Рили.
Еске салайық, Англия құрамасы Еуропа чемпионатының финалында Испаниядан 2:1 есебімен ұтылып қалған еді.
Осылайша, Испания командасы төртінші рет Еуропа біріншілігінің жеңімпазы атанды.