Алты құрлық асқан - Алаш баласы!
Ауылдан шығып, ауданның чемпионы болып, ел біріншілігін ұтқанды «ерлік» санап ерте өшіп-жанатын «жұлдыз» жігіттер көп. Алайда кимоносын сандыққа салып қоймай, Қазақстанда қалып қоймай тер төгу үшін туған жерден жырақ кеткен жастар да жоқ емес. Соның бірі дзюдодан ересектер және жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының, халықаралық турнирлердің жүлдегері Абдусамат Бақыт, деп хабарлайды Sport+.
— Абдусамат қай өңірденсің?
— Менің туып өскен жерім Атырау қаласы. Сол Жайықтың жағасында жүгіріп, алғаш жаттығу бастаған жігіттерміз. Артынша даму жолында Алматыға арман қуып келіп — Республикалық спорт колледжі, көп спортшылар РКС деп атайтын оқу орынына түстім. Ол жерде ҚР Бас жаттықтырушысы Сүлейменов Нұрбол ағайымның қол астында жаттықтым. Сонымен қатар Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін де тәмамдадым. Білім керек, білім болмаса Америаға келе алмайсың ғой.
— Абдусамат, Қазақстаннан кетуге не себеп болды?
— Мені елден ешкім қуған жоқ. Жалпы спортшы үнемі ізденісте болу керек деп есептеймін. Елдің ішінде де мықты бапкерлер мен жаттығу залы бар. Бірақ өзге елдің өресі, спорт өнері бәрібір өзгеше болады. Елден де білгеніңді үйренесің, ол жақтан да керек нәрсеңді табасың.
— Не үшін Американы таңдадың? Неге өзге ел емес?
— Ең басты себеп — бұл жақтағы мүмкіндік. Яғни арнайы оқу-жаттығу залдары жетерлік. Білікті мықты мамандардың біразы АҚШта шоғырланған. Егер Американың спорты нашар болса — бокс, күрес, ММА спортының мықтылары бұл жаққа келіп жаттықпас еді ғой. Демек менің таңдауым дұрыс деп ойлаймын.
— Танымал спортшыларды тілге тиек етіп кеттің, солардың арасынан жаттығуда бірге болып, бар білгенін үйреткен кімдер бар?
— Әрине, қазақ текті халық. Үлкенінің үйретері көп, кішісінің үйренері көп. Танымал болсын, болмасын адамды мүддесіне де, жүлдесіне де бөлмеймін. Бірақ сіз айтқан «жұлдыз» спортшылардың ішінде күні кеше Олимпиада чемпионы болған Елдос Сметов ағаммен бірге залда жаттыққаным бар. Аз жаттығу болса да көп сабақ алардай әңгімелер айтады ғой ағамыз.
— Спортта үлгі аларлықтар біраз бар шығар, алайда өмірде кімді үлгі тұтасың?
— Ойланбай жауап бере берсем болады. Ер жетіп, есімді білгелі мен үшін үлгі жалғыз адам — әкем Тахауов Бауыржан Бақытұлы! Әкемнің көрген өмірі, жүріп өткен жолы бәрі-бәрі маған үлкен хикмет. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дейді ғой. Әкем де спортшы, пара-волейболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Бас жаттықтырушысы. Халықараларық турнирлердің жүлдегері, Азия ойындары, Олимпиада ойындарында бақ сынап жүрген жан. Осындай асқар тау әкем барда маған төбе секілді болып қалу сын! Сол себепті әкем бағындырып келе жатқан биіктер секілді — мен де Америкада жүріп Алаштың атын шығарғым келеді.
— Америкада бағындыратын белестерді болашақта көреміз, Қазақстанда жүріп қандай жетістікке жеттің?
— Бапталу бізге міндет болғанмен, мақтану міндет емес. Қысқа-нұсқа айта кетейін:
Senior European open cup 2021 1 орын;
ChampionshipsRepublic of Kazakhstan -21years 2 орын;
ChampionshipsRepublic of Kazakhstan -23years 3 орын;
Almaty Asian open cup 2 орын;
Issikkil Asian open cup 3 орын секілді жүлделерім бар.
Бірақ өзіңіз айтқандай Америкаға келгендегі басты мақсат — осы жүлделердің орынын толтыру. Осылардың қатарына әлем чемпионы, олимпиада чемпионы деген атақтарды қосқым келеді.
-Сөз соңында, алға қойған мақсатың қандай?
— Ерігіп жүрген ешкім жоқ дегендей, сұхбат басында айттым, Америка талай чемпиондардың бағын ашқан ел. Мен де шалғайдағы Қазақстаннан осында бекер келмедім. Чемпиондық жолды осы елден бастағым келеді. Алты Алаштың атын алты құрлықтың атақтысы Америкада шығарсам арман бар.
— Рақмет! Сізге сәттілік!