Алматы турнирінде ширек финалға дейін жеткен Жұқаев рейтингіде 184-орынға көтерілді
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисшілердің орны анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Өткен аптада жарақатына байланысты Алматы ATP 250 турниріне қатыса алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 28-ден 32-ге ығысты.
Есесіне осы жарыста ширек финалға дейін жетіп, кейін чемпион атанған ресейлік Карен Хачановқа жол берген 24 жастағы Бейбіт Жұқаев 213-тен 184-орынға көтерілді. Қазіргі кезде Бейбіт өзінің рейтингідегі үздік көрсеткішіне (171) жақын тұр.
Александр Шевченко 61-ден 59-ға жоғарыласа, Михаил Кукушкин 111-де қалды. Дмитрий Попко 173-тен 175-ке, Тимофей Скатов 192-ден 194-ке сырғыды.
ТОП-3-те өзгеріс жоқ: Янник Синнер (Италия), Карлос Алькарас (Испания) және Александр Зверев (Германия).