Александр Недовесов Бельгиядағы жарыстың финалында жеңіліс тапты
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық теннисші америкалық Роберт Галловеймен бірге финалда аустриялықтар Александр Эрлер - Лукас Мидлермен бас жүлде үшін таласты.
Бірінші партияда аустриялық жұп 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қазақстандық-америкалық дуэт артығымен есе қайырды – 6:1. Алайда супер тай-брейкте аустриялықтар сәтті ойнады – 10:8.
Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов – Галловей 6 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эрлер – Мидлер 2 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.