logo

«Alash Pride» Ақтөбеде өтетін турнирдің басты жекпе-жегін жариялады

«Alash Pride» Ақтөбеде өтетін турнирдің басты жекпе-жегін жариялады

13 ақпанда Ақтөбеде өтетін «Alash Pride» 118 турнирі аясында уақытша чемпиондық белбеу сарапқа салынады.

Титул үшін жергілікті файтер Жәнібек Тыныштық пен бразилиялық Раулиан Пайва октагонда жолығады.

Жәнібек — әуесқойлар арасында ММА-дан әлем чемпионы. Кәсіпқой мансабында оның рекорды 7-0, соңғы төрт жеңісін «Alash Pride» лигасында тіркеген.

Пайва (23-6-2) қазақстандық ММА жанкүйерлеріне UFC-де Жалғас Жұмағұлов және Сергей Морозовпен өткізген жекпе-жектері арқылы жақсы таныс.

«Alash Pride» лигасында Пайва бір ғана кездесу өткізіп, төрешілер шешімімен Руслан Сариевке жол берген.

Соңғы жекпе-жегін ол Ресейде NWPA лигасының турнирі аясында өткізіп, ресейлік Махмуд Акимовпен болған айқас тең нәтижемен аяқталды.

«Alash Pride» 118 турнирін тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан көруге болады.