logo

Абат Айымбетов: Марио Балотелли – жақсы жігіт, жалпы командада жақсы қабылдады

Абат Айымбетов: Марио Балотелли – жақсы жігіт, жалпы командада жақсы қабылдады

Түркиялық «Адана Демирспор» командасының жаңа ойыншысы және Қазақстан ұлттық құрамасының сұрмергені Абат Айымбетов Sport Plus Qazaqstan телеарнасына берген эксклюзивті сұқбатында Түркия чемпионатына баға берді, жаңа ұжымдағы бәсекелестік туралы сөз қозғады, сонымен бірге Балотеллимен қарым-қатынас туралы айтып берді.

- Түркия чемпионатының деңгейі жоғары. Бұған өз көзім жетті. Қазақстанда маусым аяқталғаннан кейін, екі айдай үзіліс болды. Жеке дене даярлығымен айналысқанымен, Түркияға келіп, бірден жұмысқа кірісуге тура келді. Екінші айналымға бірден кірісіп кету қиын, себебі мен әлі бабымда емеспін, - деп Абат алғашқы матчтардағы ойынына баға берді.  

«Бешикташта» өнер көрсететін Бактиер Зайнутдиновқа қарсы ойындар туралы:

- Бақтиерге қарсы осы маусымда ойнай алмаймын. Келесі маусымда бір-бірімізге қарсы ойнап қалармыз. Биыл бұйырмады, өкінішке орай.

Басқа ұсыныстар мен Түркия чемпионатына көшуге дайындық туралы:

- Басқа да ұсыныстар болды, бірақ олар нақты қадам жасамады. Кейбір командалар өзімнің көңілімнен шықпады. Түркия дегенмен Еуропағо, чемпионаттың деңгейі жақсы. Осында келердің алдында Зайнутдиновқа хабарласып, чемпионат туралы сұрастырдым. Өзімді қаншалықты көрсете алатынымды сараптамаладым. Отбасыммен ақылдасып, «Адана Демирспорға» көшуге шешім қабылдадым. Бақтиерден біраз ақпарат алдым. Түркиядағы жаттығулардың және ойындардың деңгейі туралы білу маңызды болды. Қазақстан чемпионатынан кейін Түркия барлық жағынан деңгейі жоғары. Мұнда футболшы ретінде өсуге керемет мүмкіндік бар.

«Адана Демирспор» командасындағы бәсекелестік туралы ой бөлісті:

- Менің басты бәсекелесім – өзім. Командада жақсы шабуылшылар көп, сол себепті тынбай жұмыс жасауым керек. Күнделікті бәсекеге дайын болуым қажет.

Ұжымға бейімделу туралы:

- Марио Балотелли – жақсы жігіт. Жалпы командадағы футболшылардың барлығы жақсы, жұлдыз ауруына шалдықпаған адамдар. Ұжым жақсы қабылдады. Командаға келгеніме екі апта өтті. Клубтағы қызметкерлер тез бейімделуіме себепші болуда. Алла қаласа, барлығы жақсы болады, - деді 28-жасар шабуылшы.