logo

Абат Айымбетов Түркияда: «Адана Демирспор» клубына шолу

Абат Айымбетов Түркияда: «Адана Демирспор» клубына шолу

Абат Айымбетов ресми түрде Түркияның Суперлигасында ойнайтын «Адана Демирспор» клубының ойыншысы атанды. Sport Plus Qazaqstan Қазақстан құрамасының шабуылшысының жаңа клубы туралы барлық маңызды ақпаратты ұсынады.

Клуб 1938 жылы құрылған және Адана қаласында орналасқан. «Адана Демирспор» 33 мың көрермен сыйдыратын стадионда өнер көрсетеді. Айымбетов Суперлигадағы екінші қазақстандық ойыншы болып отыр – Бақтиер Зайнутдиновтан («Бешікташ») кейін, бірақ қос қазақстандық арасындағы кездесуді көре алмаймыз, себебі командалар өтіп жатқан маусымда бір-бірімен кездесіп үлгерді.

«Адана» тарихындағы ең жоғарғы жетістік – өткен жылдағы төртінші орын. Қазіргі маусымда ұжым 23-турдан кейін 31 ұпаймен сегізінші орында жайғасып тұр: команда еншісінде 7 жеңіс, 10 тең ойын және 6 жеңіліс. Айта кетейік, сегізінші мен төртінші орындар арасында бар болғаны бес ұпай айырмашылық бар екен. Сондықтан келесі маусымда «Адананы» кем дегенде УЕФА Конференциялар лигасында көруіміз мүмкін.

Абат Айымбетов Түркияда: «Адана Демирспор» клубына шолу

Команданы 20-дан астам ұжымдарды баптаған тәжірибелі Хикмет Караман жаттықтырады. Құрамда Марио Балотелли («Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Милан») және Луиш Нани («Манчестер Юнайтед», «Лацио») сияқты жұлдызды ойыншылар жеткілікті. Айымбетовты түрік клубының президентімен келіспеушіліктен кейін командадан кеткен Мбайе Ньянгтың орнына алып отырған жайы бар.

Клубта қақпашы Шахрудин Магомедалиев де ойнайды, ол Абатпен таныс: Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары арасындағы УЕФА Ұлттар Лигасындағы ойында Айымбетов жаңа командаласына екі гол соққан еді. Сондай-ақ, Айымбетовпен бірге шабуыл шебінде ойнайтын француздар Брайтон Фуж («Лион», Франция) және Абиль Алиуи («Гавр», Франция) да келіп қосылды.

Абат Айымбетов Түркияда: «Адана Демирспор» клубына шолу

«Адана Демирспор» клубының келесі ойыны 4 ақпан күні «Пендикспорға» қарсы сырт алаңда өтеді. Қазақстан құрамасының ойыншысына сәттілік тілеп, жақын арада Абатты алаңда көруге үміттенеміз.



Күн шежіресі