logo

Зәмзәгүл Файзолланова: Жарысқа кетерде үйді жинап, бір аптаның тамағын дайындап кетемін

Зәмзәгүл Файзолланова: Жарысқа кетерде үйді жинап, бір аптаның тамағын дайындап кетемін

Қазақстандық жауынгер Зәмзәгүл Файзолланова Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында алға қойған мақсаты, бапкерінің сотқа беруі, келіндік өмірі мен спорт саласындағы былықтар жайлы ашып айтты.

- Соңғы екі жекпе-жегіңізді PFL-да өткіздіңіз. Сізге жеңіске қол жеткізу несімен қиын болды?

- Қазақстанмен салыстырғанда шетелдегі дайындық басқа. Біз Америкаға виза берді деп қуанып, 1 ай ғана дайындалып, жекпе-жекке шықтым. Шетелде 1 жыл тұрып, сол жерде дайындалған болсам, онда нәтиже басқаша болар еді деп ойлаймын.

-  Бразилиялық Ларисса Пачекомен жұдырықтастыңыз. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек үш раундқа созылып, екінші минутта Пачеко нокаутпен жеңісіке жетті. Содан кейін ол лиганың гран-приін жеңіп алды. Бразилиялық жауынгерді ең мықты қарсылас болды деп айта аласыз ба?

- Иә, Пачеко - өте мықты жауынгер. Жекпе-жектің алғашқы минутында-ақ соққысының салмағын сездім. Себебі алғашқы соққысынан кейін менің мұрным сынып кетті. Екінші минутында сол сынған мұрнымды қайтадан ұрып үлгерді. Сондықтан Пачеконың лигада бәрінен мықты екенін бірден байқадым.

Зәмзәгүл Файзолланова: Жарысқа кетерде үйді жинап, бір аптаның тамағын дайындап кетемін

- Төбелестен тыс кезде, немен айналысасыз?

- Төбелестен тыс бала-шағам, күйеуім, ата-енем бар. Жұмысым, хоббиім және жаттығу күтіп тұрады. Күнделікті әрқайсына бір-бір сағаттан уақыт бөлуге тырысамын. Арасында 2 сағат жаттығу жасаймын.

- Неге октагонға оралуға шешім қабылдадыңыз?

- Октагонға оралуымның себебі көп. Біріншіден, бапкерім менің үстімнен арыз жазып, соттастық. Сотта мен жеңіп шықтым. Мен бапкеріме қатты сенетінмін. Осы сот процесінен кейін ешкімге сенуге болмайтынына көзім жетті.

- Саят Әбдірахмановпен келісім-шартыңыз болды. Ол сіздің алдағы жоспарларыңыз туралы не дейді? Өзіңізді болашақта шетелдік промоушндардан көре аламыз ба?

- Келісімшартымыз 3 мамырда тоқтайды. Әзірге шетелдік промоушндардан шақырту келмеді. Ұсыныс түсіп жатса, міндетті түрде жанкүйерлеріммен бөлісемін.

- «Alash Pride» лигасындағы жекпе-жекке қалай дайындалдыңыз?

- «Alash Pride» жекпе-жекке шықпаймын. Себебі бұрынғы келісімшартым 3 мамырда тоқтайды. Келісімшарт бойынша мамырдың үшіне дейін еш жерде жекпе-жекке шығуыма болмайды.  Келісімшарт мерзімі аяқталған соң әрине, шығамын.

Зәмзәгүл Файзолланова: Жарысқа кетерде үйді жинап, бір аптаның тамағын дайындап кетемін

- Не үшін Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынындарына бардыңыз? Көңіліңізден шықты ма?

- Алла жазса, 20-мамырда Семейде жауынгерлік самбодан жарыста өнер көрсетемін. Соған дайындық жүріп жатыр. Қазақстан құрамасында да дайындық қызу. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары оң әсер етуде. Физикалық, техникалық тұрғыдан даму үстіндемін.

- Сіз әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға өзгертулер енгізу туралы пікір білдіріп едіңіз. Қыз-келіншектерге қандай кеңес айтасыз?

- Міндетті түрде ММА-ға келіңдер демеймін, кез келген спорт түріне қатысса болады. Ол баланың мінезін қалыптастырады. Қыз-келіншектерді өзін және әке-шешесін бағалап, қорлайтын, бағалайтын жерде 1 секундта тұрмауға, қорғануға шақырамын. Ал енді тек қана ММА-мен айналысыңдар, өзгелерге күш көрсетіңдер деуден аулақпын.

- Қазақстандағы ТОП-3 қыз жауынгер кім?

- Сора Рахмонова дейін десем, ол тұрмыс құрғалы баяулап қалды. Қазір Аян Тұрсын қарқынды дамып жатыр. Мен екінші баламды босанғаннан кейін қатарға енді қосылып жатырмын. Қазақстандағы ең мықты 3 жауынгер қыз: Сора Рахмонова, Аян Тұрсын және мен. 2016 жылы дзюдодан бапкерім Астанада өткен әлем біріншілігіне қатыстырмай қойды. Бапкеріме қатты ренжіп, спортты қойып кеткен едім. Одан кейін Алмат Тәжібаев ММА-ға қызықтырып, сол кісінің шақыртуымен келдім. Алайда үстінмнен арыз жазған соң ол кісіден қатты көңілім қалды.

- Ата-енеңіз ММА-мен айналысатыныңызды қалай қабылдайды? Келіндік міндетіңізді ойдағыдай атқарып жүрсіз бе? Жалпы олар келіндерінің төбелесін тамашалай ма?

- Енеме алғысым шексіз. Себебі мен жоқта балаларыма тәрбие беріп, жоқтығымды білдірмей отырады. Жарысқа кетерде үйді жинап, бір аптаның тамағын дайындап кетемін. Енемнің жасы үлкен, тамақты да істеп, баланы да бағып отыра алмайды. Қайын апа, сіңлілерім мен жоқта үйге келіп, балаларыма қарап, енеме көмектесіп жатады. Жұбайым - бұрын көкпар шабатын. Қазір аттар қосады. Әрине, оларға төбелесетінім ұнамайды. Бірақ менің арманыма қарсы шыққылары келмейді. Менің көңіліме қараған соң, ММА-мен айналысуыма рұқсат береді.

- Қандай арман-мақсаттар бар?

- Мақсатым – «Alash Pride» белбеуіне қол жеткізу.

- ММА сіз үшін хобби ма әлде табыс көзі ме?

- Егер табыс көзі болғанда, жұртты бәрі ММА-мен айналысатын еді. ММА - табыс көзі емес, мінез. Іштегі ойыңды октагонда шығара білу деп ойлаймын.

- Қазақстандағы ММА-да немесе спортта нендей шешілмеген мәселелер бар?

- Қазақстанда спорт саласында шешілмеген мәселелерге қарағанда былық көп. Ақша бөлінеді, ол спортшыларға жетпейді. Форма алынады, бірақ ол тағы да спортшылардың қолына тимейді. Балық басынан шіриді демекші, басшылық қызметте отырғандарға көңілім толмайды. Министр ауысқанмен одан төменгілері ауыспайды.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жекпе-жектеріңізде жеңіс тілейміз!



Күн шежіресі